"Адал азамат" бірыңғай тәрбие бағдарламасын іске асыру аясында 2025 жылғы 25 қыркүйекте Павлодар сервис және тамақтану колледжінде Денсаулық күні — жаңа оқу жылының басталуына арналған мерекелік шара ұйымдастырылды.
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында бұл шара «Жасыл тоғай» демалыс аймағында өтті. Табиғат аясындағы бұл күн — нағыз сергектік, достық пен жағымды эмоцияларға толы мерекеге айналды. АӘТД пәнінің оқытушысы Хамит Н.С. баяндамасында атап өткендей, колледждің 106 білім алушысы кураторларымен бірге ұйымдасқан түрде белгіленген орынға келді. Ашық та шуақты ауа райы шараның шырайын келтіріп, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Колледж директоры Г.Е. Шугабаева жиналғандарды мерекемен құттықтап, әсіресе бірінші курс студенттеріне жылы лебізін білдірді.
Әрбір топ өз командасының визит карточкасын ұсынып, ұйымшылдықтарын, креативті ойлауын және студенттік жалынмен келген еркін көңіл-күйлерін таныта білді. Шығармашылық байқауларда қатысушылар өз таланттарын паш етіп, көрермендерді тапқырлығымен, әзіл-назымен және позитивті көңіл күймен қуантты. Импровизацияланған құралдар арқылы дайындалған күзгі дефиле шараға сән берді. Ал спорттық жарыстар нағыз тартысқа толы сәттерді сыйлап, командалардың шынайы белсенділігі мен әділ ойын рухын көрсетті. Барлық белсенді қатысушылар грамоталармен марапатталды.
Шараның ең әсерлі сәті – бірінші курс студенттерінің салтанатты түрде колледж қауымдастығының толыққанды мүшесі ретінде «Студенттерге арнау» антын қабылдауы болды. Бұл сәт — олардың жаңа өмірге жасаған алғашқы қадамының жарқын белгісі іспетті болды.
Бұл күн – қалыптасқан игі дәстүр бойынша бірінші курс студенттері үшін ұмытылмас сәттерге толы ерекше күнге айналды. Бұл — белсенді өмір салтына, жоғары көңіл күй мен командалық рухқа "ИӘ" деп айтатын жарқын күн! Дене белсенділігі мен мықты денсаулық – табысты оқудың кепілі екені сөзсіз. Ал студент атану — тек мәртебе ғана емес, сонымен қатар үлкен жауапкершілік жүгін арқалау деген сөз. Денсаулық күні — жай ғана іс-шара емес, бұл жаңа оқу жылының жарқын бастамасы, таныстықтың, сенім мен ортақ күш-жігердің жаңа деңгейі. Бұл — ұйымшылдықтың және нағыз студенттік рухтың шынайы мерекесі болды!
Барлық қатысушыларға жағымды, достық атмосфера қалыптастырғандары және белсенділік танытқандары үшін алғыс білдіреміз!










